Батыс Қазақстан облыстық мәслихаты

Халықтың денсаулығы үшін

Қазір ел басына күн туған шақ. Ковид-19 адам талғамайтын: жасқа, кәріге қарамайтын індетке айналды. Күн санап қауға тиген өрттей өршіп барады. О баста үкімет қабылдаған қатаң шараларға немқұрайды қарағандар көп болды. Әлеуметтік қашықтық сақтамай, санитарлық талаптарды орындамаудың соңы осылайша опық жегізді. Әр азамат ең болмаса жақынына жаны ашып, тәртіпке бағынса, жауапкершілікпен қараса, індет те түбі кетеді. Бұдан сақтанудың жалғыз жолы – оқшаулану ғана болып тұр.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, кеше Мемлекеттік комиссияның отырысы өтті. Қазақстан Премьер-Министрі Асқар Мәминнің төрағалығымен өткен отырыста еліміздегі эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыру шаралары қаралды. Елдегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдай және коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу мақсатында енгізілетін шектеулер бойынша ұсынылатын шаралар туралы денсаулық сақтау министрі Алексей Цой баяндады.Жаңа шектеу шараларын талқылауға орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың басшылары, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, «Атамекен» ҰКП төрағасы А. Мырзахметов, Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілетті Р. Жүрсінов және т. б. қатысты.

Қазақстанда эпидемиологиялық ахуалдың өршуін және коронавирус инфекциясымен сырқаттану дерегінің өсуін ескере отырып, Мемлекеттік комиссия биылғы 5 шілдеден бастап 14 күнге бірқатар шектеу шараларын енгізу туралы шешім қабылдады. Ол бірнеше тармақтардан тұрады. «Карантиндік режимді бұзған жағдайда, қазақстандықтар үшін жаңа айыппұлдарды бекіту – маңызды шаралардың бірі. Карантин режимі мен санитарлық-эпидемиологиялық талаптар бұзылған жағдайда жеке тұлғалар 30 АЕК немесе 83 340 теңге (шамамен 204 доллар), кәсіпкерлік субъектілері 230 АЕК немесе 638 940 теңге (шамамен 1560 доллар) және одан жоғары әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Бұған дейін коронавирус бойынша карантин режимін бұзғаны үшін 5 АЕК көлемінде айыппұл салынды», – дейді сарапшы. Оның айтуынша, көптеген елдер өз азаматтарын тәртіпке келтіру үшін осы мәжбүрлі шараны енгізуде. Біз үшін де қазір әлеуметтік қашықтық, маска режимін сақтау аса маңызды. Айыппұл да осы сақтық шараларын күшейту үшін енгізілген», – деген ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының бөлім басшысы Алуа Жолдыбалина сөзінің жаны бар.

Бұл дер кезінде қабылданған шешім деп ойлаймыз. Әлемдік коронавирус пандемиясы жайлаған қиын кезеңде осы қауіпті індеттің өршуін болдырмау, оның таралуына жол бермеу бағытында Мемлекет басшысының қабылдап жатқан шешімдері мен елімізде атқарылып жатқан  жұмыстардың маңызы орасан зор екендігін айта отырып, Батыс Қазақстан облыстық Қоғамдық кеңес мүшелері бірауыздан толығымен қолдаймыз.

Жағдайдың ушығуына, эпидемияның кең тарап кетуіне байланысты қатаң түрде карантин режимін  қайта орнатқан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының шешімдеріне аса жауапкершілікпен қарап, оның жүзеге асырылуына бір кісідей ат салыса отырып, Батыс Қазақстан облыстық Қоғамдық кеңес мүшелері атынан сенім білдіреміз. «Тәртіпке бағынған құл болмайды, тәртіпсіз ел болмайды»,- деп Бауыржан Момышұлы айтқандай,   бұл – бізге берілген үлкен мүмкіндік. Қазақстан халқының тағдыры тарих таразысында тұрған кезеңде, қиындыққа төтеп беріп, айналамыздағы адамдарға, жақын-туыстарымызға, вирус жұқтырып алмай, індеттің  алдын алып, карантин  режимін  қатаң сақтау керек екендігін алға тартамыз. Сақтансаң ғана сақтайды!