БҚО Қоғамдық кеңесінің мүшелері ЭЫДҰ сарапшыларымен кездесуі

Институтарлық кездесу – болашақ іскери қарым-қатынастар бастауы

2018 жылдың 19 сәуірінде  Облыстық  мәслихат аппараты ғимаратының кіші мәжіліс залында Батыс Қазақстан облысының қоғамдық кеңесі мүшелерінің Экономикалық Ынтымақтастық және Даму Ұйымы сарапшыларымен ресми кездесуі өтті.  Кездесуге қоғамдық кеңес мүшелері, ЭДЫҰ сарапшылары Д. Хуткий, Х. Хинсберг, Қазақстан Республикасының Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі, Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің өкілдері, облыстық басқарма басшылары қатысты.

Шара барысында, алдымен, Батыс Қазақстан облысының қоғамдық кеңесі төрағасы Е. Салықовтың кеңестің  2016-2018 жылдардағы атқарған жұмысы туралы баяндамасы тыңдалды. Төрағаның баяндамасынан кейін кеңестің жұмыс нәтижесімен танысқан  Экономикалық ынтымақтастық  және Даму ұйымы сарапшысы Хилле Хинсберг аталмыш кеңестің жұмыс жасау принципі мен кедергілері туралы толығырақ ақпарат алғысы келетіндігін жеткізсе, Облыстық қоғамдық кеңес мүшелері жұмыс жасау үдерісі туралы,  материалдық және штаттық қамтамасыз ету мәселелеріне байланысты ойларын айтып, кездесу ашық пікір алмасу форматына ауысты.

Қоғамдық кеңес жұмысы барысында кезігетін мәселелерге қатысты Қазақстан Республикасының Дін Істері және Азаматтық Қоғам министрлігінің бөлім басшысы Г. Б. Сұлтанова қазіргі уақытта 2015 жылы қабылданған «Қоғамдық кеңестер туралы» Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп жатқанын, соның нәтижесінде кедергілердің жойылатынын атап өтті. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің өкілдері Қоғамдық кеңес мүшелеріне қызметтік байланыс жасауға, ақпараттық кедергілерді болдырмауға септесетінін жеткізді.                                   

Ресми жиынға қатысушы тараптар кездесудің нәтижесі ретінде алдағы уақытта көпжақты әріптестік аясында бірлесіп қызмет ету туралы қорытындыға келді.

Еламан Мұзаппар

БҚО қоғамдық кеңесі