Батыс Қазақстан облысы бойынша жерлеу және қабірлерді қарап-күту жөніндегі істі ұйымдастыру қағидаларын бекіту туралы

Жоба

 

Орал қаласы                                   №                              «___»_________ 2019 жыл

 

Батыс Қазақстан облысы бойынша жерлеу

және қабірлерді қарап-күту жөніндегі

істі ұйымдастыру қағидаларын бекіту

туралы

 

Қазақстан Республикасының 1994 жылғы 27 желтоқсандағы Азаматтық кодексіне, «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңына, «Жерлеудің және зираттарды күтіп ұстау ісін ұйымдастырудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2019 жылғы 31 мамырдағы №48 бұйрығына сәйкес, Батыс Қазақстан облыстық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:

1. Қоса беріліп отырған Батыс Қазақстан облысы бойынша жерлеу және қабірлерді қарап-күту жөніндегі істі ұйымдастыру қағидалары бекітілсін.

2. Облыстық мәслихат аппаратының басшысы (А.Сұлтанов) осы шешімнің әділет органдарында мемлекеттік тіркелуін, Қазақстан Республикасы нормативтік-құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде және бұқаралық ақпарат құралдарында оның ресми жариялануын қамтамасыз етсін.

3. Осы шешім алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі

 

Сессия төрағасы                                                           

 

Облыстық мәслихат                                  

хатшысы                                                     М. Құлшар

 

Батыс Қазақстан облыстық

мәслихатының

2019 жылғы  «    »  «              »

№ «      »  шешімімен бекітілген

 

 

Батыс Қазақстан облысы бойынша жерлеу және қабірлерді қарап-күту жөніндегі істі ұйымдастыру қағидалары

  1. Жалпы ережелер

 

  1. Осы Батыс Қазақстан облысы бойынша жерлеу және қабірлерді қарап-күту жөніндегі істі ұйымдастыру қағидалары (бұдан әрі – Қағида) «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» 2001 жылғы 23 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңының 27-бабы 1-тармағының 1-16) тармақшасына, «Жерлеудің және зираттарды күтіп ұстау ісін ұйымдастырудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2019 жылғы 31 мамырдағы №48 бұйрығына сәйкес әзірленді және жерлеудің және зираттарды күтіп-ұстау ісін ұйымдастырудың тәртібін айқындайды.

Зираттарды күтіп-ұстауға және пайдалануға, мәйіттерді жерлеуді және қайта жерлеуді ұйымдастыруға, сондай-ақ жерлеу мақсатындағы объектілерге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар «Зираттарға және жерлеу мақсатындағы объектілерге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидаларын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 26 ақпандағы №138 бұйрығымен (Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 8 сәуірде № 10646 тіркелді) бекітілген санитариялық қағидаларымен айқындалады.

  1. Осы Қағидада мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

1) жерлеу – санитариялық, табиғатты қорғау, қала құрылысы және өзге де қағидалар мен нормаларға қайшы келмейтін, марқұмның тілегіне, діни сеніміне, әдет-ғұрыптарға және салт-дәстүрлерге сәйкес қайтыс болған адамның денесін (сүйегін, (мүрдесін) жерге (қабірге, табытқа) жерлеу немесе сүйегі (күлі) бар урнаны қабірге, лақатқа жерлеу арқылы отқа жағу (кремациялау) бойынша әдет-ғұрып әрекеттері;

2) зират – қайтыс болған адамдарды немесе олардың сүйектерін (мүрделерін) жерлеу орыны;

3) зират қорымы – қайтыс болған адамдарды немесе олардың сүйектерін (мүрделерін) жерлеу үшін арнайы бөлінген аумақ;

4) зират қорымының әкімшілігі – зират қорымын ұстау және пайдалану жөніндегі ұйымдастырушылық-өкімдік және әкімшілік-шаруашылық функцияларды жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлға;

5) қайтыс болу фактісін тіркейтін органдар – азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыратын жергілікті атқарушы органдар.

  1. Жерлеудің және зираттарды күтіп-ұстау ісін ұйымдастырудың тәртібі

 

  1. Осы қағиданы әзірлеу кезінде елді мекендер аумағының, олардың құрылысының ерекшеліктері, сондай-ақ зираттарды күтіп ұстау ісін ұйымдастыру, тарихи-мәдени мұра, діни мақсаттағы объектілер және табиғи ландшафты сақтау қажеттігі ескерілді.
  2. Жерлеу үшін орын бөлу тәртібі:

Жергілікті атқарушы органдар зират қорымы орналасқан және оларға арналған ортақ пайдаланудағы жерден елдi мекеннiң қайтыс болған әрбiр тұрғынын немесе осы елдi мекенде қайтыс болған тұрғылықты жерi белгiсiз адамды жерлеу үшiн кемiнде алты шаршы метр жер учаскесiн тегiн бөледi.

Зираттарды қазу, құлпытас ескерткіштерін, қоршауларды орнату және басқа да жұмыстар  мамандандырылған ұйымдармен ақылы негізде немесе қайтыс болған адамның туыстарының күшімен жүзеге асырылады.

Зират қорымының аумағы қабірлерге арналған қатарларға бөлінетін және автомобиль көлігіне арналған өтпе жолдармен және зират учаскелеріне өтетін жолдармен жайластырылатын учаскелерден тұрады.

Зират қорымының әкімшілігі зират қорымын ұстау және пайдалану жөніндегі ұйымдастырушылық-өкімдік және әкімшілік-шаруашылық функцияларды жүзеге асырады.

Ауылдық елді мекендерде тиісті ауылдық округ әкімі «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңының 35-бабы 1-тармағының 1-21) тармақшасына сәйкес зират әкімшілігінің қызметін жүзеге асырады.

Қаладағы ауданның, аудандық маңызы бар қаланың, кенттің, ауылдың, ауылдық округтің әкімдері туысы жоқ адамдарды жерлеуді және зираттар мен өзге де жерлеу орындарын тиісті қалпында күтіп-ұстау жөніндегі қоғамдық жұмыстарды ұйымдастырады.

  1. Қайтыс болғандарды жерлеу тәртібі:

Жерлеу зират қорымының әкімшілігіне қайтыс болу фактісін тіркейтін органдар берген қайтыс болу туралы куәлік ұсынылғаннан кейін зират қорымының аумағында жүргізіледі.

Әрбір жерлеу зират қорымының әкімшілігі жүргізетін, мынадай мәліметтерді:

жерлеу жылын, айын, күнін;

қабірдің нөмірін;

қайтыс болған адамның тегін, атын, әкесінің атын (бар болған жағдайда);

туған және қайтыс болған күнін;

қайтыс болу себебін;

қайтыс болу туралы куәліктің нөмірін, күнін және кім бергенін;

марқұмның жақын туыстарының тегін, атын, әкесінің атын (бар болған жағдайда), жеке сәйкестендіру нөмірін (бар болған жағдайда), жеке басын куәландыратын құжаттың берілген күнін және нөмірін, мекенжайын, туыстары болмаған жағдайда, жерлеуді жүргізген адамның мекенжайын не жерлеуді жүргізген ұйымның атауын, бизнес-сәйкестендіру нөмірін, мекенжайын қамтитын кітапта тіркеледі.

Жақын туыстарының тілегі бойынша қайтыс болған адамды (сүйегін (мүрдесін) бұрын қайтыс болған жақын туысының жанында жерлеу көрсетілген жерде бос жер учаскесі немесе бұрын қайтыс болған жақын туысының зираты болған кезде қамтамасыз етіледі.

Табылған қайтыс болғандар денелерін (қайтыс болғандар денелерінің жеке бөліктерін), суға кеткендерді, үйлерінен тыс жерлерде кенеттен қайтыс болғандарды, сот-медициналық зерттеуден кейін мәйітханада тұрғандарды жерлеу оны ұйымдастыруды өзіне ала алатын туыстары немесе адамдар мен мекемелер болмаған жағдайда қайтыс болу фактісі тіркелгеннен кейін жергілікті атқарушы органдарға жүктеледі.

Жерлеу туыссыз адамдарды жерлеуге арналған бюджет қаражаты есебінен жүргізіледі.

Мына:

зират қорымын немесе оның учаскесін мерзімінен бұрын жою;

сүйектерді республиканың басқа жерлеріне немесе одан тыс жерлерге қайта жерлеу үшін жекелеген зираттардан тасымалдау кезіндегі жағдайларды қоспағанда, сүйектерді жұмыс істеп тұрған және жабық зират қорымдарында қайта жерлеуге рұқсат етілмейді.

Эксгумация 2014 жылғы 4 шілдедегі Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексте көзделген тәртіппен жүргізіледі.

  1. Қабірлерді жобалау және салу:

қабірлердің учаскелері арасындағы қашықтық ұзын жақтары бойынша кемінде 1 метрді, ал қысқа жақтары бойынша кемінде 0,5 метрді құрайды;

қабірдің тереңдігі топырақтың сипатына және топырақ асты суларының деңгейіне байланысты белгіленеді және жер бетінен табыттың қақпағына (бар болған жағдайда) дейін кемінде 1,5 метрді құрайды. Барлық жағдайларда қабірге арналған белгі жер асты суларының деңгейінен 0,5 метрге жоғары болады;

аса қауіпті инфекциялардан қайтыс болғандар үшін қабірдің тереңдігі 2 метр деңгейінде белгіленеді, бұл ретте түбіне кемінде 10 сантиметр қабатпен хлорлы әк салынады;

әрбір қабірдің жер бетінен 0,5 метрге биік үймесі (бұдан әрі – қабір үсті төмпешігі) болады. Қабір үсті төмпешігі қабірді атмосфера суларынан қорғау үшін оның шеттерін жауып тұруы тиіс.

  1. Жерлеу орындарын абаттандыру және оларды күтіп-ұстау:

Жерлеуге бөлінген учаске шекарасында:

табиғи тастан немесе бетоннан жасалған қабір үсті ескерткіштері мен құрылыстар, гүлзарлар мен орындықтар орнатуға;

қабір басында гүл, кейіннен қырқылып отырылатын сәндік бұтадан қоршау отырғызуға рұқсат етіледі.

Зираттарды одан әрі күтіп ұстауды  жақын туыстары тиісті тәртіппен қамтамасыз етеді.

Ескерткіштер мен құрылыстарды орналастыруға, үстелдерді, орындықтарды және құрылыстарды жерлеу учаскесінен тыс жерлерде орнатуға жол берілмейді.

Зират қорымдарын (өтпе жолдарды, соқпақтарды, гүлбақтарды, көгалдарды, кәріздік, электрлік және су құбыры желілерін және құрылыстар) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тиісті тәртіппен жергілікті атқарушы органдар күтіп ұстайды.